Қазақстандық 10 боксшы әлем чемпионатының жартылай финалына шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Будапештте өтіп жатқан бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында 10 отандасымыз жартылай финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Бокс федерациясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, еліміздің атынан жарысқа қатысқан 19 спортшының 10-ы жартылай финалға шыққан.
Ширек финалдың қорытындысына сәйкес жартылай финалға 24 елдің спортшылары шығып отыр.
Ширек финалда Айбек Оралбай (91 келі) АҚШ өкілі Дэвид Стивенсонды тізе бүктірсе, Дамир Тойбай (+91 келі) жергілікті Фехер Каппаниді ұтты. Айзада Ісләмғали (54 келі) үнді қызы Дивье Павардан басым түсті. Жансая Әбдірайымова болса ресейлік Любовь Шараповадан айласын асырды.
Бүгін алғашқы жартылай финал кездесулері басталды. Оған Махмұд Сабырхан (49 кг), Ермахан Жақпеков (69 кг), Нұрбек Оралбай (75 кг), Сағындык Тоғамбай (81 кг), Дамир Тойбай (+91 кг), Гүзәл Садықова (81 кг), Жансая Әбдірайымова (51 кг), Анель Құдайберген (48 кг) мен Айзада Ісләмғали (54 кг) шығады.