Қазақстандық 12 жасар пианист Парижде жас музыканттардың халықаралық байқауында жеңімпаз атанды
Байқау Франция астанасында ағымдағы жылдың 11-21 сәуірі аралығында өтті. Онда пианистерден бөлек, альт, скрипка, виолончель және тағы да басқа аталымдар бойынша әлемнің 30 мемлекетінен келген 6-26 жас аралығындағы үміткерлер бақтарын сынады. Тек пианистердің өзі - 122 талапкер болды. Оның 66-сы - балалар, қалған 56-сы - жастар.
Әбдіахмет Григтің «Из карнавала» мен Сергей Слонимскийдің «Мультфильм с приключениями» атты шығармаларын орындады. Жас өреннің қабілетіне тәнті болған қазылар алқасы, залда отырған кәсіби музыканттар мен өзге де көрермендер орындарынан тұрып қошемет көрсетті.
Пианистердің шеберлігін әртүрлі мемлекеттерден келген 30-дан астам кәсіби музыкант бағалады. Бас жүлде отандық жас пианисімізге бұйырса, бірінші орынды қытайлық, екінші орынды татар қызы, үшінші орынды жапондық балғын алды. Байқаудың бас жүлдесін иеленген Ә.Оразбақовқа шілде айына Зальцбург қаласына жолдама табысталды. Онда елордалық жас өрен атақты пианист, профессор Кемерлингтан шеберлік сабағын алатын болады.
«Конкустың негізгі жүлдесін иеленгенімді білгенде қатты қуандым. Өзім үшін де, елім үшін де. Өйткені, ол жалғыз менің емес, Қазақстанның жеңісі! Маған сенім артып, оқытып, көп нәрсені үйретіп жүрген ұстазым - Дина Мәмбетоваға айтар алғысым шексіз», - деген балғынның алдағы үлкен жоспары - ағымдағы жылы күзде Америкада өтетін тағы бір халықаралық байқауда бақ сынау.
Айта кетейік, Ә.Оразбақов Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті мектебінің 6-сыныбында оқиды. Жас пианистің Парижге барып-қайтуына демеуші болған - ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхамед пен «Қазақ әуендері» АҚ директоры Ғалым Ахмедьяров.
Ә.Оразбақов 2010 жылы Римде өткен Моцарт атындағы жас пианистердің V халықаралық байқауының да бас жүлдесін қанжығасына байлаған болатын.