Қазақстандық 4 боксшы Галледегі халықаралық турнирдің финалына өтті
«Әділбек Ниязымбетов (81 келі) командадағы әріптесі бұдан бұрын хабарланғандай, алғашқы финалист болған Теміртас Жүсіповтің (49 келі) жеңісті жолын жалғастырды. Жартылай финалда Әділбек Германиядан Серга Митхелді жеңіп шықты. Ринг қожайыны жеңісті қолдан бермеуге қанша тырысса да, Әлем чемпионаты мен Олимпиадалық ойындардың күміс жүлдегерінің тәжірибесі мен шеберлігі оның мысын басып, 2:1 есебімен қазақстандық боксшы алға шықты. Финалда Ниязымбетов Алматыдағы әлем чемпионатының қола жүлдегері ирландтық Джо Уардпен сайысқа түседі», делінген хабарламадва.
Ресей чемпионы Василий Веткин де Ілияс Сүлейменовтің (52 келі) финалға шығуына тосқауыл бола алмады. Ілияс 2:1 есебімен жеңіске жетті. Енді шешуші матчта Ілияс біздің жанкүйерлерге жақсы таныс молдаван Александр Рысканмен шаршы алаңға шығады.
Берік Әбдірахманов (60 келі) та жеңісті қолдан бермеді. 2013 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Германиядан боксшы Роберт Арутюнянды 2:1 есебімен тізе бүктірді. Сөйтіп қазақстандық ұлттық команда мүшелері алаң иелерінің төртеуін шаң қаптырды. Енді Әбдірахманов ирландтық Дэвид Джойспен қолғап түйістіреді.