Қазақстандық 8 спортшы ХОК-нің стипендиясына ие болды
АСТАНА. Қазақпарат - Халықаралық Олимпиадалық комитеті 6-18 қазан күндері Буэнос-Айресте (Аргентина) өтетін үшінші жасөспірімдер Олимпиадасына қатысатын қазақстандық сегіз спортшыға стипендия тағайындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметі таратқан мәліметте, аталған стипендияға Анастасия Резванцева, Диана Назарова, Кирилл Шацков, Ален Охотинский (төртеуі де жүзу спортынан), Елдар Иманқұлов (ату), Тамила Муридова (семсерлесу), Нилуфар Раимова (әйелдер күресі) және Әлихан Мұстафиндер (садақ ату) ие болған. Енді бұл спортшылардың Буэнос-Айресте өтетін Олимпиада ойындарына дайындалуға кететін шығындарын ХОК-ті өз мойындарына алады.
«ХОК-тің «Олимпиадалық ынтымақтастық» бағдарламасымен бірлесе жұмыс істеу Қазақстан ҰОК-тің негізгі халықаралық бағыттарының бірі. Ағымдағы жылдың маусым айында ҰОК Аргентинадағы Олимпиада ойындарына жолдама ұтып алған спортшыларды қолдау мақсатында стипендия тағайындау туралы өтінімді ХОК-ке жолдаған болатын. ХОК кандидаттарды халықаралық спорт федерацияларымен бірлесе отырып таңдады. Спортшыларды таңдау барысында гендерлік теңдік, спорттық әлеует пен жетістіктер басты назарға алынды», - дейді ҰОК Халықаралық қатынастар департаментінің директоры Әлімжан Ақаев.
Айта кетейік, бүгінге дейін қазақстандық 36 жас атлет спорттың 11 түрі бойынша Жасөспірімдер Олимпиадасына 27 лицензия жеңіп алды. Іріктеу кезеңдері әлі де жалғасуда. Одан бөлек, 2020 жылы өтетін Токио Олимпиадасына дайындық жүргізіліп жатыр.