Қазақстандық «Аққыз» және «Көке» фильмдері ІX Қазан халықаралық мұсылман киносының фестиваліне қатысады
АСТАНА. 17 тамыз. ҚазАқпарат - ІX Қазан халықаралық мұсылман киносының фестиваліне қазақстандық екі картина өтті. Олар - «Аққыз» драмасы мен «Көке» қысқаметражды фильмі. Байқаудан өткен картиналардың тізімі фестивальдің ресми сайтында жарияланды.
Аталған фестиваль Татарстан астанасында 5-11 қыркүйек аралығында өтеді. Конкурстық бағдарламаға әлемнің 25 елінен 49 фильм енді. Оның ішінде Татарстанның төл картиналары да бар. Комиссия мүшелері бәрінен бұрын зорлық-зомбылықтың насихатталмауын, ұятсыз көріністердің болмауын жіті бақылап отырды.
Режиссер Айнұр Ысмайылованың «Көке» қысқаметражды фильмінде әкесін жер қойнына тапсырғаннан кейін кішкентай баланың алдынан ересек өмір есігінің айқара ашылуы бейнеленеді.
Жаңабек Жетіруовтың «Аққыз» картинасы ежелгі қазақтардың әлемнің құрылуы жөніндегі мифологиялық танымына негізделген. Аңыз бойынша, Құдай Жер бетіндегі тіршілікті жаратпас бұрын аққуды жаратқан. Тіршілік осы аққудың жұмыртқасынан бастау алады-мыс.