Қазақстандық алып күш иесі бар білгенін оқушыларға үйретпек

«Қазіргі уақытта Ақмола облысымен бірлескен жобаны іске асырғалы жатырмыз. Егер Ақмола облысы мені қолдаса, өңірдің елуге тарта мектебін аралап, шеберлік сағаттарын өткізгім келеді. Ол мектептерде оқушыларға өзімнің қарым-қабілетімді паш етіп, Қазақстанда қара күшке ие болу мәдениетін үйреткім келеді», - деді ол Sputnik Қазақстан баспасөз орталығында өткен жиында.
Сергей Цырульников жүрген жерінде қазақтан шыққан батырлар мен балуандарды аузынан тастамайтынын айтады.
«Біз Балуан Шолақ пен Қажымұқанды ғана айтып қоймай, Қобыланды, Қабанбай мен Райымбек батырлардың ерлігін ұрпақ санасына сіңірсек дейміз. Себебі, ұрпақ тәрбиесінде біз батыр бабаларымыздың ел үшін еткен еңбегін шамшырақ ете білуіміз керек. Мен ол батырлардың қатарына Бауыржан Момышұлын да қосамын» - дейді ол.
Алып күш иесі шамасы келсе, Қазақстандағы бүкіл мектепті аралағысы келеді. Алайда бұл үшін Сергейге қаржылай қолдау керек. Ал қазіргі уақытта ел аралау жұмысын балуан батыр өз ақшасымен атқарып жүр. Қазірдің өзінде көптеген оқушылар әлеуметтік желіде Сергеймен кездесуге ниет білдіретін көрінеді.
«Мен волонтер секілді еңбек етемін. Барлық нөмірлерім өз қаражатым арқылы жүзеге асады. Рекордтар мен мектеп аралауға кететін шығындардың бәрін өзім көтеремін. Бұл істі шамам жеткенше жалғастыра берем», - дейді рекордсмен.
Еске сала кетсек, өткен жылдың мамыр айында Сергей Цырульников салмағы 148 тонналық вагон тіркеулі тепловозды бірнеше метрге сүйреп апарып, рекорд орнатқан болатын.
Ал өткен жылдың соңында Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастығының XV форумында ақмолалық палуан Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге екі ел достығының символы ретінде өрілген шегелерді сыйға тартқан еді.