Қазақстандық Антон Пинчук АРВ турнирінде Клементе Руссоға есесін жіберіп алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Миланда өтіп жатқан АРВ жобасының екінші кезеңінде қазақстандық боксшы Антон Пинчук итальяндық Клементе Руссоға есесін жіберіп алды.

Қазақстандық Антон Пинчук АРВ турнирінде Клементе Руссоға есесін жіберіп алды

Бұл жекпе-жектің жеңімпазы екінші кезеңнің финалына өтіп, Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпида ойындарына жолдама алады, деп хабарлайды Қазақстан бокс федерациясы.

91 кг салмақ дәрежесі бойынша шаршы алаңға шыққан Антон Пинчук әлемнің екі дүркін чемпионы, Олимпиада жүлдегері Клементе Руссодан 3:0 (77:75, 78:74, 78:74) есебімен жеңіліп қалды.

Еске сала кетейік, Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік беретін жолдаманы Біржан Жақыпов (49 келіге дейін салмақ дәрежесі бойынша), Берік Әбдірахманов (60 келіге дейін) пен Василий Левит (91 келіге дейін) жеңіп алған болатын.

Сондай-ақ 26 шілде күні Мексикада қазақстандық боксшы Ильяс Сүлейменов (52 келіге дейін) Олимпиада жолдамасы үшін бағын сынамақ.