Қазақстандық артрологтар буын ауруы - остеортрозды хирургиялық араласусыз емдеу әдістерін игере бастады

АСТАНА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстандық артрологтар буын ауруы - остеортрозды хирургиялық араласусыз емдеу әдістерін игере бастады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.

Қазақстандық артрологтар буын ауруы - остеортрозды хирургиялық араласусыз емдеу әдістерін игере бастады

Баспасөз мәслихатына ертең, сәуірдің 29-ы күні Астанадағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында (ТОҒЗИ) өтетін «Қазақстандағы артрологияның өзекті мәселелері және оны шешу жолдары» тақырыбында өтетін халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысу үшін келген, әлемдегі үздік артролог мамандар қатысты. Атап айтқанда, Де ля тур Госпиталі тізе буыны бөлімінің меңгерушісі Матис Бурк пен Мәскеу қалалық ревматология орталығының меңгерушісі Евгения Шмидт бар.

Конференцияның басты тақырыбы - остеортроз ауруын емдеуде қолданылатын озық тәжірибелер мәселесі болмақ. Остеоартроз - әлемде жүрек-қан тамыры ауруларынан кейін екінші орында тұр. Буын аурулары Қазақстанда да өте күрделі тұрған мәселе. Себебі 60-тан асқан қарттардың 80 пайызға жуығы осы ауруға шалдыққан. Остеоартрозда - буынға жалғанған екі сүйектің арасындағы кемік майы азайып, сүйектер бір-біріне қажалып, мүжіле бастайды.

Қазақстанда аурудың бұл түрін консервативтік және хирургиялық әдістермен емдейді. Остеоартроз хирургиялық араласуға дейін асқынған жағдайда, науқасқа буын алмастыру, яғни эндопротездеу жасалады.

ТОҒЗИ директорының орынбасары Қуаныш Оспановтың айтуынша, аталмыш институт жылына 600-ден астам эндопротездеу операциясын жасайды. Кезекке жыл сайын 1000 астам адам тұрады.

Бүгінгі күні Қазақстанда бұл әдіс бірқатар облыс орталықтарында кеңінен игеріле бастағанымен, М.Бурктың айтуынша, бұл артта қалған үрдіс және қазіргі ғылым бұл ауруды хирургиялық араласуға дейін жеткізбейді. Қазір көптеген елдер «Остенил» препаратын қолданып отыр. Осы препарат ертең Астанадағы конференцияда таныстырылып, оның артықшылығын дәлелдеу мақсатында жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижелері ұсынылатын болады.

«Остенил» эндопротездеу әдісінің орнына қолданылады. Препарат буынға егу арқылы енгізіледі және ол сүйектерді бір жылға дейін майлап, қажалудан сақтайды. Аурудың алғашқы сатысында қолданылған жағдайда остеортрозды тоқтатуға мүмкіндік береді.

Баспасөз мәслихатында мәлім болғандай, «Остенил» Қазақстанда да қолданыла бастаған және ол Денсаулық сақтау министрлігінің өмірлік қажетті дәрі-дәрмектердің тізіміне енгізілді. «Әлемдік инновацияның бұл түрін Қазақстанға енгіздік. Бұған дейін біз остеоартрозды емдеуде ауырсынуды басатын дәрі-дәрмектерді қолданылып келдік. Ал Остенил ауруды тоқтатуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Алматы қаласындағы Буын аурулары медициналық орталығының директоры Ғалымжан Тоғызбаев.