Қазақстандық аса ауыр салмақтағы кәсіпқой боксшы Қ. Алтаев Мәскеуде рейтингтік жекпе-жек өткізді
АЛМАТЫ. Маусымның 25-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстандық аса ауыр салмақтағы кәсіпқой боксшы Қанат Алтаев Мәскеуде рейтингтік жекпе-жек өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Абылай хан» кәсіпқой бокс клубының спортшысы бұған дейін 6 кездесу өткізіп, үшеуінде жеңіп, екеуін тең аяқтап, біреуінде жеңіліс тапқан болатын. Сәуірдің 17-де Алматыда аса ауыр салмақтағы Қазақстан чемпионы атағы үшін болған жекпе-жекте шымкенттік Талғат Досановтан ұтылған Қанат бұл жолы Мәскеуде рейтингтік кездесуін өткізді. Алты раундтық бұл сайыста ол ресейлік Мурад Халидовқа ұпай саны бойынша ұтылып қалды. Промоутер Марат Мәзімбаевтың айтуынша, қатарынан екінші рет жеңіліс табу Қанатқа оңай тимейді. Сондықтан оны енді біршама уақыт тынықтыру керек. Сол себепті ол жақын арада ешқандай жекпе-жек өткізбейді.