Қазақстандық әскери дәрігерлер Лондон әуежайында өзін жайсыз сезінген жолаушыны құтқарып қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық әскери дәрігерлер Лондонның Хитроу әуежайында өзін жайсыз сезінген жолаушыға көмек көрсетті.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстанның «Казбат» бітімгершілік батальоны Ұлыбританияға «Дала қыраны-2016» арнайы тактикалық оқу-жаттығуына қатысу үшін ұшып келген. Олар Хитроу әуежайында паспорттық бақылау кезінде өзін жайсыз сезінген жолаушы әйелге алғашқы медициналық жәрдем жасады. Көмек әуежайдың медициналық қызметі өкілдері келіп жеткенге дейін дер кезінде көрсетілді.
«Дала қырандары-2016» халықаралық арнайы тактикалық оқу-жаттығуына Қазақстан, Біріккен Корольдік, АҚШ, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінің әскери қызметкерлері қатысады. Ол 16-30 шілде күндері аралығында Ұлыбританияда өтеді.