Қазақстандық әскери қызметші парашютпен секіруден рекорд жасады
Сергей Басалов - тәжірибелі парашютші. Ол тәуелсіз Қазақстан армиясының негізі қаланғаннан бері 15 жыл 32363 әскери бөлімі аспаптар зертханасының бастығы болып қызмет етті. Осы уақыт ішінде ол парашюттік даярлық нұсқаушысы бола жүріп парашют жүйелерінің 12 үлгісін, параплан мен дельтапланның 4 үлгісін меңгерді, 200-ден астам адамға үйретті.
Аэроұтқыр әскерлері парашюттік командасының әскери қызметшілері шеберлік санаттары бойынша былайша бөлінеді: парашютші (10 секіруге дейін), үздік парашютші (20-дан көп секіру), парашютші-нұсқаушы. Десантшы жылына 3500 метрге дейінгі түрлі биіктіктерден 4-5 секіреді.
«Қанша рет секірсең де жаңасы қорқыныш тудырады, бұл қалыпты жағдай. Сондықтан да барлық кезде парашютшілердің эмоционалдық жағдайы тексеріліп отырады. Әскери қызметшілер арнайы психологиялық тестілеуден өтеді.
Сонымен қатар, секіруді орындау ережесінен емтихан мен сынақ тапсырады», - деп түсіндіреді Сергей Басалов.
Секірудің мақсаты - қойылған міндетті орындау. Ұдайы өткізіліп тұратын жаттығуларда, секіру алдындағы жердегі даярлық жөніндегі сабақтарда десантшылар барлық іс-қимылдардың алгоритмін автоматты түрде орындау деңгейіне жеткізуге тырысады. Секірудің толық қару-жарақпен және жер жағдайын талғамай тәуліктің кез келген мезгілінде жасалуы атқарылар міндетті қиындата түседі.