Қазақстандық әскери қызметшілердің даярлығына БҰҰ сарапшылары жоғары баға берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылғы қарашаның 21-і мен 23-і аралығында Біріккен Ұлттар Ұйымының бейбітшілікті қолдау мақсатындағы Операциялар департаментінің сарапшылары Қазақстан Республикасына консультативтік сапармен келді, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстандық әскери қызметшілердің операцияларға қатысуға әзірлігін айқындау мақсатында жұмыс сапары аясында БҰҰ-ның сарапшылары «Бейбітшілік үшін серіктестік» оқу-жаттығу орталығы («Қазцент») және «Қазбат» қазақстандық бітімгершілік батальонының қызметімен танысты. Сарапшылар жұмысының алдын ала қорытындысы 23 қараша күні Астанада ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілдерімен кездесу барысында жария етілді. БҰҰ-ның сарапшылары қазақстандық әскери қызметшілердің дайындық деңгейіне жоғары баға беріп, сонымен қатар, бітімгершілік контингентті дайындау жөніндегі Ұйымның жаңа талаптары аясында бірқатар ұсынымдарды белгіледі. Қазіргі уақытта ҚР Парламентінің 2013 жылғы қаулысына сәйкес қазақстандық армияның төрт әскери қызметшісі Батыс Сахарасы (MINURSO) мен Кот-д'Ивуардағы (UNOCI) БҰҰ-ның екі миссиясында қызмет атқарып жүргендерін айта кеткен жөн. Сонымен бірге, Қарулы Күштердің тоғыз офицері БҰҰ-ның миссияларында қызметтерін аяқтап үйлеріне оралды. Олардың төртеуі бітімгершілікке қосқан үлестері үшін марапатқа және миссия қолбасшылығының атынан алғыс хатқа ие болды.