Қазақстандық әскери ұшқыштар біліктіліктерін жетілдірді

АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат - Әуе қорғанысы күштерінің 53975 әскери бөлімі базасында әскери бөлімдер жеке құрамы мен Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының жиыны өтті, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.

Қазақстандық  әскери ұшқыштар біліктіліктерін  жетілдірді

Ұшқыштар құрамы екі апта бойына біліктіліктерін жетілдірді. Жиынға Әскери әуе күштері қолбасшысы басқармасының басшылық құрамынан, 01852, 55652, 53975, 19132 әскери бөлімдерінің, Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының ұшқыштар құрамынан, барлығы 45 адам тартылып, 28 ұшу ауысымы орындалды. Оның ішінде: қарапайым ауа райы жағдайында - 9 ұшу ауысымы, күрделі метереологиялық жағдайда - 12 ұшу ауысымы, қалыпты ауа райы жағдайында - 7 ұшу ауысымы жүзеге асырылды. Жиын барысында барлығы 1490-нан астам ұшу сапары орындалды, жалпы ұшу уақыты 1000 сағатты құрады.

Қорытынды сынақтардың нәтижесі бойынша «1-ші сыныпты әскери ұшқыш» санатындағы - 3 ұшқыш, «2-ші сыныпты әскери ұшқыш санатындағы - 7 ұшқыш, «3-ші сыныпты әскери ұшқыш» санатындағы - 4 ұшқыш дайындалды. Сонымен қатар «2-ші сыныпты әскери ұшқыш» деңгейіне дейін 5 ұшқыш әзірленді.

Жиынның қорытындысы бойынша Алматыдағы әскери әуежайда әртүрлі тектегі тікұшақтардан ұшулар ұйымдастырылды.