Қазақстандық атлетші Денис Уланов РФ Президенті Кубогында күміс иеленді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Грозный қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан Ресей Федерациясы Президентінің Кубогы үшін бесінші халықаралық турнирде 94 келіге дейінгі салмақта қазақстандық Денис Уланов күміс жүлдені иеленді.
Осы салмақта біздің елден төрт спортшы қатысқан болатын, олар - Денис Уланов, Ермек Өміртай, Рүстем Сыбай, Семен Линдер.
Айта кету керек, Денис Уланов серпе көтеруде 219 келіні көтеріп, кіші алтын медалға ие болды.
Алайда, Ресей спортшысы қос сайыс бойынша (жұлқа көтеруде - 178; серпе көтеруде - 219) Адам Малигов бірінші орынды иеленді. Жерлестерімізден 378 (166+212) келіні еңсерген Рүстем Сыбай 4-ші орын алса, Ермек Өміртай (350 келі) 9-шы және Семен Линдер (312 келі) 12-ші орынға тұрақтады.
Еске салайық, бұл жарыста әйелдер арасынан қазақстандық ауыр атлетші Светлана Подобедова да РФ Президенті кубогының күміс жүлдегері атанған еді.