Қазақстандық әуе тасымалдаушы Орталық Азияның ең үздігі танылды
АСТАНА. 19 маусым. ҚазАқпарат - 2013 жылғы 18 маусымда Ле-Буржедегі мерейтойлық Париж авиашоуының аясында өткен Skytrax 2013 World Airline Awards сыйлығы барысында «Орталық Азиядағы және Үнді елі бойынша ең үздік авиакомпания» деп «Эйр Астана» танылды. Сонымен бірге, ұлттық авиатасымалдаушы «Орталық Азиядағы және Үнді елі бойынша ең үздік қызмет ұсынушы» сыйлығымен де марапатталды. Бұл туралы ҚР ККМ баспасөз қызметінен хабарланды.
Skytrax рейтингілік агенттігінің World Airline Awards халықаралық тәуелсіз сыйлығы бүкіл әлемдік авиакомпаниялар үшін жолаушылардың қанағаттану деңгейін анықтайтын негізгі өлшеу құралы болып табылады. Зерттеу жүргізу әдісі туристер және кәсіпкерлер секілді түрлі санаттағы жолаушылардың берген бағасы негізіндегі талдау жұмыстарының нәтижесінде жасалады.
Skytrax рейтингілік агенттігінің 10 ай бойына жүргізген сауалнамасына әлемнің барлық елдеріндегі жолаушылар қатысты. Авиакомпаниялар қызметінің сапасын бағалау жерде және борт ішінде қызмет көрсету, жолаушыларды тіркеу, әуе кемесі салонының жайлылығы, борттық тамақтану, борт серіктерінің қызмет көрсетуі секілді 40 түрлі критерий бойынша жүргізілді. Зерттеу жұмыстарына шағын өңіраралық тасымалдаушыдан бастап ірі халықаралық тасымалдаушыға дейін, жалпы саны 200-ден астам авиакомпания қатысты.