Қазақстандық ауыр атлет Денис Уланов Азия чемпионы атанды - ВИДЕО
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық ауыр атлет Денис Уланов Өзбекстан астанасы Ташкентте өтіп жатқан Азия чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді.
85 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін отандасымыз жұлқа көтеруде 168 келіні бағындырды. Нәтижесінде бірінші жаттығу қорытындысы бойынша Денис Уланов кіші алтын медальға ие болды. Екінші орындағы қытайлық Сю Юнг жерлесімізден 3 келі кем көтерді.
Қазақстандық спортшы серпе көтеруді 200 келіден бастады. Бұл салмақ дәрежесін оңай еңсеріп, Азия чемпионы атанды. Дениске дейін қарсыластарының барлығы өз мүмкіндігін пайдаланып қойған болатын. Екінші мүмкіндігінде отандасымыз 205 келіге тапсырыс беріп, үшіншісінде бұл салмақты да еңсерді. Қоссайыс қорытындысы бойынша 373 келіні бағындырған ол Азия чемпионы атанды, деп жазады massaget.kz.
Азия чемпионатының күміс жүлдесін ирандық Моузавижарахи (356 келі (158+198) иеленсе, қоланы қытайлық Сю Юнг жеңіп алды.
Айта кетейік, Ташкенттегі Азия чемпионатына Денис Уланов пен Владимир Седов аттанған болатын. 94 келіге дейінгі салмақта Владимир ертең жарыс жолына шығады.