Қазақстандық ауыр атлетші Надежда Ногай юниорлар арасында әлем чемпионы болды

АСТАНА. 14 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстандық Надежда Ногай ауыр атлетикадан юниорлар арасында әлем чемпионы болды, жарыс Ташкент қаласында өтті.

Қазақстандық ауыр атлетші Надежда Ногай юниорлар арасында әлем чемпионы болды

Бұл туралы Vesti.kz хабарлады.

69 келіден астам салмақ дәрежесінде Ногай Украина спортшысы Ирина Дехуді (232) және қытайлық Ван Сицзинді (212) артта қалдырып, ең жақсы нәтиже - 241 келіні көрсетті. Осы салмақта бесінші орынды Қазақстанның тағы бір ауыр атлетшісі Татьяна Капустина иеленді (204 келі).

Сондай-ақ жүлдеге 94 келіден астам салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақстандық Зелімхан Әбубәкіров қол жеткізді. Қазақстандық екі жаттығудың нәтижесінде барлығы 351 келіні көтеріп, үшінші болды. Әлем чемпионы Армения спортшысы Симон Мартиросян атанды (365), екінші орын ирандық Алиреза Сулейманиге бұйырды (358 келі).