Қазақстандық азамат Екатеринбургте банк тонады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан азаматы Екатеринбургте бәрін жарып жіберемін деп қорқытып, банк бөлімшесінен біржарым миллион рубльді алып кетті.
Оны бұл қылмысқа қарыздары итермелеген.
21 жастағы ер адам Екатеринбургке Қазақстаннан келген.
Бұл жігіттің отанында өмірі орнықсыз болған. Онда өз досының қымбат машинасын қиратып алған.
Ал жолдасы болса, көлікті жөндеуге аса қомақты ақша талап етеді. Жас жігіт мұндай қаржыны тек Ресейде ғана табуға болады деп шешкен, деп хабарлайды «Комсомольская правда в Екатеринбурге» газеті.
Айта кетер жайт, ол университетті экономист мамандығы бойынша тәмамдаған.
Сондықтан Екатеринбургте жұмысқа орналасуда еш қиындық болмайды деп сенген. Айлар өтеді, қарызы өсіп, жағдайы қиындайды. Тығырыққа тірелген азамат осылайша оқыс қадам жасауға бел буады.
Басылымның жазуынша, банкирлер ұрыны ашуландырмай оған барлық еуро мен долларды береді.
Ол рубльге шаққанда біржрым миллион болады. Ақшаны алған баукеспе тездетіп ізін суытады.
10 мың еуроны бірден өзінің досына, отанына аударады, қалғанына пәтерақысына төлеп, өзі жақсылап киінеді.
Екатеринбург полициясының қызметкерлері оны көп ұзатпай қолға түсірді.