Қазақстандық балалар Артектегі халықаралық байқауда ел намысын абыроймен қорғап қайтты

АЛМАТЫ. 15 шілде. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ -Бүгін «Артек» XIX Халықаралық балалар кинофестивалі мен аталмыш шара аясында өткен VI «Щасливі долоні»- «Бақытты алақан» қайырымдылық байқауына қатысқан қазақстандық делегация елге оралды.

Қазақстандық балалар Артектегі  халықаралық байқауда ел намысын абыроймен қорғап қайтты

«Қазақстандық делегацияның барлық мүшелері «Бақытты алақан» халықаралық байқау-фестивалінің дипломанттары атанды. Мұндай атаққа тек біз ғана ие болдық»,-деп атап өтті республикалық ведомствоаралық «Қазақстан -Демалыстары» үйлестіруші орталығының жетекшісі Бақыт Жаңабаева.

Оның айтуынша, «Щасливі долоні» - танымал әлеуметтік жоба. «Жыл сайын бұл шара қанатын жайып келеді, қатысушылардың да саны артуда. Биыл бұл шараға Алматының талантты балалары қатысты. Олар жобаның барлық шараларына қатысты. 2011 жылғы байқау-фестивальға Украинаның барлық облыстарынан 600-ден аса жетім балалар, сонымен қатар, Беларусь, Ресей, Молдова, Қазақстан, Германия, АҚШ, Индия және Нидерланд елдерінен өкілдер жиналды»,-деді ол.

Қазақстандық артекшілер ел абыройын лайықты қорғаған. Бірнеше дипломдар мен грамоталарды, шеберлік сертификаттар мен естелік сыйлықтарды жеңіп алған.

Алматы қаласының Алатау ауданындағы №160 мектептің 10 сынып оқушысы Рауан Рақымжанов қазақстандық делегация ішінде ең үздік өнер көрсеткен қатысушы болған. Ол оннан аса марапат пен әр түрлі спорттық және шығармашылық аталымдардың жеңімпазы, сонымен қатар, суға жүзу жарысының чемпионы атанған. Рауан сонымен қатар, спорттық би түрінен, вокал және бард әндері байқауының үздігі атанған. Ал, Әуезов ауданына қарасты №122 мектептің 9 сынып оқушысы Сатбек Саржанов екі жобаның - «Оригами» мен «Керамика» шығармашылық байқауының жүлдегері атанған.

Б.Жаңабаеваның айтуынша, қазақстандық делегация 2000 жылдан Артекте өтетін, мұғалімдер мен оқушыларға арналған кәсіби-шығармашылық білім беру жобаларына қатысып келеді.