Қазақстандық балалар гольфтан ел чемпионатында сынға түседі
АСТАНА. ҚазАқпарат - 23-24 тамыз күндері Алматыда гольфтан балалар арасында Қазақстанның ашық чемпионаты өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Нұртау» гольф-клубында өтетін чемпионатта 5-17 жас аралығындағы балалар сынға түседі.
Айта кетерлігі, жарысқа барлық қалаушылар қатыса алады. Сонымен қатар, Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шет елдерден келген спортшылар да бақ сынай алады. Турнир Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп, гольфтан жаңа бағдарламаға сәйкес ақысыз ұйымдастырылады.
Естеріңізге сала кетсек, «Нұртау» гольф-клубының кәсіпқой бапкерлері 6-13 жас аралығындағы балалар арасында тегін шеберлік сабақтарын күн сайын (дүйсенбіден жұмаға дейін) өткізіп келеді. Әр жеткіншек өзіне ыңғайлы уақытты таңдап, аптасына екі мәрте гольфпен шұғылдана алады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен марапатталады.