Қазақстандық балалар теміржол арқылы саяхат жасайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылдың жазынан бастап мыңнан астам қазақстандық балалар республиканың түрлі өңірлеріне пойызбен саяхаттайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Осылайша, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы балалар саяхатының баяғы дәстүріне қайта жан бітіруді көздеп отыр.

 «Саяхат темір жол арқылы жүргізіледі. Негізінен Оңтүстік Қазақстан, Орталық және Шығыс Қазақстан өңірлеріне айналма бағдар жоспарлап отырмыз. Пойыздың артықшылары неде? Пойыз - дөңгелегі бар баспана тәрізді. Онда балалар мұғалімдер мен әдіскерлердің қарауында, қауіпсіз жерде болады. Оларды жатқызатын жатақхана, мектеп іздеп әуре болмайды.  Басты артықшылығы - осы. Балалар кей өңірлерге тоқтап, экскурсиялық бағдарлама аясында өз замандастарымен кездесе алады, слет өтуі де мүмкін. Қазір бағдарлама әзірленіп жатыр. Наурыз айының ортасына дайын пакеттер әзірленеді», - деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев Астанада өткен «Балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытудың жаңа мүмкіндіктері» отырысында.

Ұлттық компания өкілінің айтуынша, наурыз айында балаларды іріктеудің толық ережесі жарияланады.

«Балаларды саяхатқа тарту бойынша жергілікті атқару органдары мен қоғамдық ұйымдарды жұмылдырамыз. Балаларды іріктеу ережесі жетілдірілген соң, барлығына хабар беріледі. Бәлкім, сабағын жақсы оқып жүрген балаларды саяхатпен ынталандыратын шығармыз. Және өз ауданынан сыртқа шығуға мүмкіндігі жоқ, әлеуметтік аз қамтылған отбасының балаларын да ұмытпаған жөн. Жазғы каникул барысында мұндай пойыз саяхатын 4-5 рет ұйымдастырамыз», - деп өз сөзін толықтырды ол.

Сондай-ақ, Т. Дүйсенғалиев ауқатты ата-аналардың қаражат төлеп, саяхатқа өз балаларын жібере ала ма деген журналист сұрағына жауап берді.

«Бәрі пойыздың сыйымдылығына байланысты. Мұндай мүмкіндікті қарастырып отырмыз, бірақ бұл үшін алғашқы саяхаттың қалай өтетінін көру керек. Іс жүзінде, мұнда түрлі бағытқа жүретін бір ғана пойыз бар», - деді Т. Дүйсенғалиев.

Саяхатқа «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ демеушілік көрсеткен. Одан бөлек, Рухани Жаңғыру бағдарламасы аясында қаржыландыру мүмкіндіктері көзделген.

Фото: o-krohe.ru

Соңғы жаңалықтар