Қазақстандық балалардың көпшілігін АҚШ азаматтары асырап алған - Ж. Түймебаев

АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстандық балалардың көпшілігін АҚШ азаматтары асырап алған.

Қазақстандық балалардың көпшілігін АҚШ азаматтары асырап алған - Ж. Түймебаев

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияға қосылуы және ратификациялауы туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шетелдік азаматтар асырап алған қазақстандық баланың кәмелет жасқа толғанға дейін жыл сайын есеп беруге міндетті. Қазіргі кезеңде шетелдік асырап алушылар бұл норманы толық орындап отыр. Жалпы, қазақстандық балалардың көпшілігін АҚШ азаматтары асырап алған. Бұл елдегі асыранды балалар саны - 6 мың 406. Сонымен бірге, Испания азаматтары - 600, Белгия - 343, Германия - 173, Канада - 167, Ирландия - 140, Франция 131 баланы асырап алған», деді министр. Оның айтуынша, шетелдіктер 1 жастан 3 жасқа дейінгі 5 мың 892 баланы, 4 жастан 6 жасқа дейінгі - 1 мың 278, сондай-ақ 7 жастан жоғары 999 баланы асырап алған.

«Ұлттық құрамы бойынша шетел асып кеткен балалардың ішінде қазақтар саны - 3 мың 702, орыстар - 4 мың 57, басқа ұлттар - 360», деді Ж. Түймебаев.