Қазақстандық балуан Иранда жүлдегер атанды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстандық балуан Нұрлан Бекжанов Иранда еркін күрестен өткен Тахти кубогының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Әлемдегі ең үлкен турнирлердің бірі болып есептелетін айтулы жарыс барысында 74 кг салмақта күрескен Нұрлан қос бірдей ирандық балуанды, содан кейін армян және түркмен спортшыларын тізе бүктірді. Тек финалда ғана Болгария елінің намысын қорғаған шешен жігіті Алипаша Умарпашаевтан ұтылды. Жартылай финалда осы балуанға есе жіберген тағы бір қазақстандық балуан Болат Сақаев қола жүлде үшін бәсекеде түркиялық Якуп Гордан жеңіліп қалды.
Осылайша, Қазақстаннан тек Н.Бекжанов қана жүлдеге ілікті.
Айта кетейік, Нұрлан Бекжанов 2016 жылы Будапешт қаласында еркін күрестен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған болатын. Олимпиадалық емес салмақ дәрежелеріндегі күрес түрлерінен алғаш рет өткен сол додада Нұрлан 70 кг салмақта күрескен еді. Қазіргі ереже бойынша балуандар күресетін күні өлшенеді, көп салмақ қуа алмайды. Сондықтан Нұрлан Бекжанов Ирандағы турнирде 74 кг салмақта шықты.
Н.Бекжанов күрестегі жолын БҚО-ның Сырым ауданы Бұлдырты ауылында бастаған. Алғашқы бапкері - Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асқар Сәукелин. Астана қаласындағы қазіргі жаттықтырушысы - Асқар Әбдірашев.