Қазақстандық балуан қыздар Азия біріншілігінде 6-орын иеленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бішкекте қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында әйелдер күресінен мықтылар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық балуан қыздар Азия біріншілігінде 6-орын иеленді

Кеше бес салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтаған бойжеткендер жарысты қорытындылады.

Қайрат Сағадиев баптайтын Қазақстан құрамасы Азия чемпионатынан жалпы саны 3 қола медаль жеңіп алды.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Азия біріншілігінің үшінші күні 68 келідегі Ирина Казюлина мен 76 келідегі Эльмира Сыздықова жүлдегер атанса, кеше жарыстың төртінші күні 53 келідегі Жұлдыз Ишимова ел қоржынына тағы бір қола медаль салды. 

Айта кетейік, Жұлдыз Азия чемпионатындағы алғашқы алтын медалін 2007 жылы дәл осы Бішкекте өткен Азия чемпионатында жеңіп алған. Ол кезде қазақстандық балуан 51 келі салмақта топ жарды. Содан бері Жұлдыз төрт рет күміс (2008, 2009, 2010, 2017), бір рет қола (2014) медаль алған еді.

Командалық есепте Қытай құрамасының қыздары бірінші орынға ие болса, екінші орынға Моңғолия құрамасы ие болды.  Ал Жапония құрамасы үшінші орынды түйіндесе, Қазақстан құрамасы жалпы есепте алтыншы орынға ие болды.