17:01, 25 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақстандық балуандар Әлем кубогында үздік бестіктің қатарынан орын алды
АЛМАТЫ. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстандық балуандар грек-рим күресінен Франциядағы Клермен-Ферранда өткен Әлем кубогында бесінші орын алды.
Оны бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында Ұлттық құраманың бас бапкері Таңат Сағындықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бес күнге созылған бұл дүбірлі додаға Бейжің Олимпиадасында үздік сегіздіктің қатарына енген елдердің командалары қатысқан болатын. Бірінші топта Әзірбайжан, Армения, Венгрия және Ресей, ал екінші топта Куба, Қазақстан, Қытай мен Франция құрамасы белдесті. Онда ел намысын Марат Гарипов (55 кг), Нұрбақыт Теңізбаев (60 кг), Дархан Баяхметов (66 кг), Роман Мелешин ( 74 кг), Андрей Самохин (84 кг), Марғұлан Әсембеков (96 кг) пен Геннадий Лященко (120 кг) қорғаған болатын. «Биылғы Әлем кубогы сайсы FILA-ның жаңа ережесі бойынша өтті. Онда біз қытай мен француз құрамасын 4:3 есебімен жеңгенмен, кубалықтарға 2:5 есебімен есе жіберіп алдық. Кубалықтар француздардан (3:4) жеңіліп қалғандықтан, командалардың жинаған ұпай саны есепке алынып, біз өз тобымызда 3 орын алып қалдық. Ал бесінші орын үшін Венгриямен болған кездесуде 5:2 есебімен басым түстік», дейді бас бапкер Таңат Сағындықов. Бейжің Олимпиадасы кезінде де қазақстандық грек-рим күресінің балуандары бесінші орынға ие болған. Онда 1-2 және 4-ші орын алған Ресей, Франция және Куба құрамалары бұл сайыста да өз атағын сақтап қалды. Ал қытайлықтар 3-шіден 7-ші орынға дейін төмендеп, Армения 8-шіден 3-ші сатыға көтерілді. Сондай-ақ венгрлер 7-шіден 6-шы орынға бір саты жоғарылады.