Қазақстандық балуандар Ташкентте өткен халықаралық турнирде нәтижелі өнер көрсетті
ТАШКЕНТ. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Расул Бахамов/ – Ташкентте Golden Grand-Prix сериясы аясындағы халықаралық турнир өтті.
«Өзбекстанның Тәуелсіздік Кубогы» деп те аталатын бұл жарыста қазақстандық балуандар үздіктер қатарынан көрінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Әлемнің 20-дан астам елінің спортшылары қатысқан жарыстар еркін және грек-рим күрестері бойынша өтті. Турнир жеңімпаздарының қатарында қазақстандық спортшылар - грек-рим стилі бойынша 66 киләға дейінгі салмақта өнер көрсеткен Бейбіт Нұғманов пен дәл осы күрес түрі бойынша 120 киләға дейінгі салмақта шыққан Нұрмахан Тінәлиев бар. Оларға қоса Қазақстанның тағы 13 спортшысы қанжығаларына күміс және қола медальдар байлады. Қазақстан құрамасының жаттықтырушылары бұл турнирдің мамыр айында Таиланда өтетін Азия чемпионатына жақсы дайындық екенін айтып отыр.