Қазақстандық банктер мәселелі қарыздардың көрсеткішін айтарлықтай азайтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық банктер мәселелі қарыздардың көрсеткішін айтарлықтай азайтты. Бұл туралы ОКҚ баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов айтты.
"Мәселелі қарыздар көрсеткіші айтарлықтай азайды. Қазір 1 шілдедегі көрсеткіш бойынша 13% құрап отыр. Естеріңізге сала кетсек, 2013 жылдың аяғында жұмыс істемейтін банк қарыздарының сомасы 31,2% немесе 4,2 трлн. теңгені құраған еді.
Ұлттық банк Елбасының тапсырмасына сәйкес, 2015 жылы банктің мәселелі қарызын 15 пайызға, 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін 10 пайызға дейін төмендету үшін арнайы салықтық заңдылыққа өзгерістер енгізіп, банктердің қарызын азайту мақсатында Бірегей саясат дайындады. Мәселелі қарыздарды бағалау және оны азайту үшін Комиссия құрды, ол Комиссияда банктер әр 10 күн сайын қарыздың ауқымын азайту үшін не жасалып жатқаны туралы хабарлап, есеп беріп отырады", - дейді Келімбетов. Оның айтуынша, 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін банктер өз қоржынындағы мәселелі қарызды 10 пайызға дейін азайтуға міндетті. Егер де азайтпаса, банктердің лицензиясын қайтарып алу, менеджментін өзгертуге дейін іс-шаралар жасалады. 2004-2009 жылдары ипотекалық қарыз алған азаматтардың қарызын қайта қаржыландыру бойынша 130 млрд теңге бөлінді. Ол қаржы несиенің пайыздық үстемақысын 3 пайызға дейін азайтып, төлеу мерзімін 20 жылға дейін созуға мүмкіндік береді. "Ұлттық банк пен Үкіметтің іс-шаралары банк жүйесін сауықтырып қана қоймай, елдегі несиелеу жағдайын кәдімгідей жақсартады. Мәселелі несиелерден құтылған банктер мемлекеттен ұзақмерзімдік қаржыға қол жеткізіп, орта және шағын бизнеске, халыққа несие бере бастайды", - деп атап өтті ҰБ төрағасы.