Қазақстандық баскетболшы жігіттер Азия чемпионатында Қытай спортшыларымен күш сынасуда

АЛМАТЫ. 5 тамыз. ҚазАқпарат - Баскетболдан ерлер арасында Филиппин елінің Манила және Пасай қалаларында өтіп жатқан XXVII Азия чемпионатында бүгін екінші топтық кезеңнің сайыстары өтіп жатыр. Онда Қазақстан мен Қытай, Малайзия мен Тайланд, Филиппин мен Жапония, Оңтүстік Корея мен Бахрейн спортшылары өзара күш сынаспақ. Бірінші тамыз күні жалауын көтерген бұл байрақты бәсекенің алғашқы топтық кезеңінде итальяндық Маттео Боничиолли жаттықтыратын ел құрамасы «Д» тобында үздік шыққан болатын. Олар тайландтықтарды 81:67, бахрейндіктерді 79:76, үндістандықтарды 80:67 есебімен ұтқан еді.

Қазақстандық баскетболшы жігіттер Азия чемпионатында Қытай спортшыларымен күш сынасуда

Азия чемпионатында 15 дүркін чемпион атанған Қытай құрамасы 2 жыл бұрын өз елінде өткен соңғы Азия чемпионатында жеңімпаз атанған болатын. Қазір аспан асты елінің баскетболшылары әлемдік рейтингте 11-інші сатыда тұр. Ал әлемдік рейтингте 47-ші орында тұрған Қазақстан құрамасының Азия чемпионатындағы ең жоғарғы нәтижесі 2007 жылы қол жеткізген төртінші орын болып отыр. Ал Әлем чемпионаты және Олимпиада ойындарына осы уақытқа дейін бірде-бір рет қатысқан жоқ.