18:49, 28 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазақстандық баскетболшылар қазір шет мемлекеттерде көбірек танымал болып отыр
АЛМАТЫ. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстандық баскетболшылардың жанкүйерлері өз елімізге қарағанда шет мемлекеттерде көбірек.

Оны ұлттық құраманың және «Алматы» баскетбол клубының бас менеджері Николай Михальчук бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Баскетбол соңғы 3 жылда елімізде өте жоғары қарқынмен дамуда. Біз Ресеймен бәсекелесе алмасақ та, Азия құрлығында көшбасшымыз. Қазіргі кезде Ресей баскетболдың дамуы жағынан әлемде АҚШ-тан кейін екінші орында келе жатыр. Қазақстанда да спорттың бұл түрінің өркендеуі үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Тек бұқаралық ақпарат құралдарынан және көрермендер мен жанкүйерлер тарапынан болатын қызығушылық аз болып тұр», дейді Н. Михальчук. Оның айтуынша, баскетбол клубтары арасында Катарда өткен Азия чемпионатында 49 елдің ішінен үздік бестіктің қатарынан орын алған қазақстандық спортшылар әлемнің өзге елдерінде танымал. Оларды жанкүйерлер Қытайда, Катарда, Тайпейде әуежайдан зор ықыласпен күтіп алады. «Өкінішке қарай, мұндай жағдайды олар Қазақстаннан көре алмауда. Мәселен, біздің жанкүйерлеріміздің саны қазір Қазақстанға қарағанда Тайпейде әлдеқайда көбірек сияқты. Біздің құрамада Антон Понамарев сияқты Азия құрлығының ең үздік ойыншысы өнер көрсететінін Қазақстанда кез-келген азамат білмеуі мүмкін. Ал өзге елде олар өте әйгілі спортшылар болып отыр», дейді «Алматы» баскетбол клубының және Қазақстан ұлттық құрамасының бас менеджері Николай Михальчук.