ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАТЫРЛАР: Боран Нысанбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Боран Нысанбаев 1918 жылы Атырау облысы Индер ауданы Қаңбақты ауылында дүниеге келген. Ал 1943 жылы 2 ақпанда Ресей Федерациясының Орел облысында қаза тапты.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАТЫРЛАР: Боран Нысанбаев

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, минометшілер расчетінің командирі. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, 137-атқыштар дивизиясының 771-полкі минометшілер расчетінің командирі болды. 1943 жылы Ресейдің Орел облысы Лески деревнясы жанындағы ұрыс кезінде жау дзотын кеудесімен жауып, өзі ерлікпен қаза тапты. Осы ерлігі үшін Нысанбаевқа 1943 жылы 23 қыркүйек күні КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Орел облысы Покров ауданы Дросково деревнясында жерленген.

Ленин, 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталды. Нысанбаев қаза болған жерге ескерткіш қойылды және Дросково орта мектебіне есімі беріліп, бюст орнатылды. Туған ауылындағы мектеп, бір көше Нысанбаев есімімен аталады. Оның ерлігі «Это был в Лески» деп аталатын пьесаға арқау болып, батырды еске алуға арналған волейбол турнирі жыл сайын өткізіліп тұрады.

Жазушы, ақын Нәбиден Әбутәлиевтің «Боран Нысанбаев» очерктері атты кітабы жарық көрген.