ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАТЫРЛАР: Мұсабек Сеңгірбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мұсабек Сеңгірбаев 1917 жылы наурыздың 17-і күні Алматы облысы, Көксу ауданы, Қызыларық ауылында дүниеге келіп, 1941 жылы қарашаның 16-ында Мәскеу облысы, Волоколам ауданы, Дубосеково деревнясында қаза тапты. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, қазақ. Кеңес Одағының батыры.
1941 жылға дейін ұжымшарда трактор жүргізушісі болып жұмыс істеген. 1941 жылы Кеңес әскері қатарына алынды. Осы жылдың 16 қарашасында Сеңгірбаев Дубосеково темір жолы айырмасында танкіге қарсы шайқасатын топтың құрамында жаудың бірнеше шабуылын тойтаруға және 18 танкісін жоюға қатысты. Бұл ерлік тарихта 28 батыр-панфиловшылар ерлігі деген атпен қалды. Осы шайқаста Сеңгірбаев ерлікпен қаза тапты. Волоколам ауданы, Нелидово деревнясындағы бауырластар зиратына жерленген.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Сеңгірбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы, Ленин ордені және «Алтын Жұлдыз» медалі берілді (21.7.1942). Алматы облысы, Көксу ауданы, Балпық би кентіндегі саябақ пен бір көшеге Сеңгірбаев есімі беріліп, бюст орнатылған. Туған жеріндегі ауыл мен мектепке есімі берілген. Олардың кұрметіне 1975 жылы Дубосековода мемориал, Нелидово деревнясында (Дубосеково темір жолы айырмасынан 1,5 шақырым жерде) батыр-панфиловшыларға ескерткіш орнатылып, мұражай ашылды. Алматы қаласында 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақ бар, онда оларға арналып монумент қойылған және бір көшеге Сеңгірбаев есімі берілген.