Қазақстандық биатлоншылар әлем кубогының сегізінші кезеңін сәтсіз бастады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Норвегияның Холменколлен қаласында биатлоннан Әлем кубогының сегізінші кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР ҰОК-нің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге сүйенсек, жарыстың алғашқы күні әйелдер арасында 7.5 шақырымдық спринт, ал ерлер арасында 10 шақырымдық спринттен сайыстар өтіп, отандастарымыз жүлделі орындарға қол жеткізе алған жоқ.
Аталмыш додада әйелдер арасында ел намысын қорғаған Галина Вишневская 31-ші, Дарья Климина 61-ші, Алина Райкова 69-шы, Елизавета Бельченко болса 90-шы орыннан көрінді. Бұл сында бас жүлдені словакиялық Анастасия Кузьмина жеңіп алды. Екінші орынды беларусьтік Дарья Домрачева иеленсе, украиналық Юлия Джима үздік үштікті түйіндеді.
Ерлер арасында қазақстандықтардан ең үздік нәтижені Роман Еремин тіркеді. Ол 22-ші орынға қол жеткізсе, Владислав Витенко 81-ші орынға, Василий Подкорытов 98-ші орынға тұрақтады, ал Максим Браун 100-ші болып келді.
Ерлер арасындағы 10 шақырымдық спринт сайысының бас жүлдесін норвегиялық Хенрик Л'Абе-Лунд жеңіп алса, екінші орынды оның отандасы Йоханнес Бе иеленді. Үздік үштікті франциялық Мартен Фуркад қорытындылады.
Енді, 17 наурыз күні әйелдер 4х6 шақырымдық эстафеталық сайысында сынға түссе, ерлер 12.5 шақырым қашықтықта ізге түсу сайысынан бақ сынасады. Ал 18 наурыз күні әйелдер 10 шақырымда ізге түсу сайысынан сынға түседі. Ерлер 4х7.5 шықырымдық эстафетамен әлем кубогының сегізінші кезеңін аяқтайды.
Фото: olympic.kz