Қазақстандық бір топ құқық қорғаушылар азаптауға қарсы күрес коалициясын құрды
АЛМАТЫ. Маусымның 23-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - БҰҰ-ның Халықаралық азап құрбандарын қолдау күні қарсаңында Қазақстанның бір топ құқық қорғаушылары Азаптауға қарсы күрес бойынша коалиция құратындарын жариялады.
Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Коалицияға Адам құқы мен заңды сақтау бойынша қазақстандық бюросы, Адам құқы үшін хартиясы, Құқықтық саясатты зерттеу орталығы, «MediaNet» халықаралық журналистика орталығы кірген. Бүгінгі баспасөз мәслихатында олар азаптауға қарсы конвенцияның Факультативті хаттамасын ратификациялау бойынша (күзет пен бостандығынан айыру орындарында бақылаушыларға кедергі көрсетілмеу туралы құқық беріледі) ҚР Үкіметінің азаптауға қарсы шараларды қолдану туралы бастамаларын қолдайтындарын мәлімдеді.
Олар алдағы уақытта бас бостандығынан айыру мен қамауда ұстау орындарын мониторингтеуде тиімді тетік құру, азаптау туралы хабарламаларды қарауда ашықтықты жүзеге асыру,азаптағаны үшін ауырлығына қарай жаза қолдану, сотталушылардың азаптау туралы шағымдарын жіті тексеру, ҰҚК мен ІІМ-нің уақытша қамау изоляторларын Әділет министрлігіне беру, азаптаудан жапа шеккендерге жедел қолдау көрсету мәселелері бойынша жұмыстар атқармақ.
Оларды бұл бағытта Фридом Хаус, Халықаралық түрме реформасы, Халықаралық рақымшылық, Ашық қоғам құқықтық бастамасы сынды көптеген халықаралық ұйымдар да қолдап отырған көрінеді.