Қазақстандық бірнеше IT стартап Силикон алқабына жолдау алды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мамандардың мәлімдеуінше, отандық IT саласы жыл санап қарқынды дамып келеді. Сонымен қатар, үздік жобалар мен стартаптар әйгілі Силикон алқабына жіберіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биыл біз статистиканы жаңарттық. Оған сәйкес, жалпы IT стартаптардың 20%-ы әйелдерге тиесілі. Олар негізін қалаған немесе басқарады. Өте сапалы стартаптар деп айта аламын. Сондай-ақ, биыл біз «Силикон алқабы» бағдарламасын қолға алдық. Ол бойынша отандық үздік жобалар Силикон алқабына жіберіліп жатыр», - деді Astana Hub басқарушы директоры Алина Әбдірахманова ОКҚ-де өткен брифингіде.
Сонымен қатар, Astana Hub басшысы Силикон алқабына жіберілген отандық IT стартаптарды атады.
«Айтар болсақ, Лаура Вайфорова - SmarTestPrep стартап жобасының авторы. Ол - Spotify немесе Netflix сияқты пайдаланушыға ең қолайлы ЖОО-ны және 50 000 ЖОО мен стипендиялар тізіміндегі мәліметтер негізінде бағдарлама ұсынатын халықаралық емтихандарға дайындықтың автоматтандырылған платформасы. Альмира Әли - Big Dream lab жобасының негізін қалаушы. AR/VR контенттер жасаумен айналысады. Яна Шойбекова - Сitix стартап жобасының негізін қалаушы. Қалалық ортада смарт тақталарды әзірлеумен және орнатумен айналысады. Олар қазір Силикон алқабында біліктілігін көтеріп, оқып жатыр. Биыл олар 10 млн АҚШ доллары көлемінде табыс тапты», - дейді ол.