Қазақстандық бишілер Бейжіңдегі әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетті
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Бейжіңде өткен спорттық бал билері бойынша 2016 жылғы әлем чемпионатында қазақстандық Сәбина Табылова, Камила Рустамова және Әмір Қабазиевалар өнер көрсетті, деп хабарлайды Бейжіңдегі «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Байқауды Халықаралық спорт билері қауымдастығы (IDSA - International Dance Sport Association) ұйымдастырды, оған әлемнің 45 елінен 2 мыңнан астам адам қатысты. Сайыс екі бағдарлама бойынша (латынамерикалық және еуропалық), балалар, жастар, ересектер және кәсіби секілді жас ерекшеліктері бойынша 11 топ пен санаттарда өтті. Қазылар алқасының құрамына халықаралық дәрежедегі 11 төреші енді.
8-9 жас санатында 7 жасар қазақстандық Сәбина Табылова «латино соло» бойынша 1-орын, «вальс» бойынша 4-орын алды.
8-9 жас санатында 8 жасар Камила Рустамова «вальс соло» бойынша 1-орын, «латина соло» бойынша 2-орынға ие болды.
Ал 8 жастағы Әмір Қабазиева «вальс» пен «латино» (румба және ча-ча-ча) бойынша екінші орынға табан тіреді.
