Қазақстандық бишілер халықаралық фестивальдан жүлдемен оралды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық бишілер Болгарияда өткен халықаралық би фестивалінен жүлдемен оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық бишілер халықаралық фестивальдан жүлдемен оралды

Астаналық «Nomad» би ансамблі Болгарияда өткен «Розы Обзоры» халықаралық би фестиваль-конкурсында І дәрежелі марапатқа ие болды.

Аталған конкурста құрамы 40 жасөспірімнен тұратын би ұжымы 8 халық биін орындап шықты.

Жеңімпаздарды Астана әуежайынан бишілердің жақын туыстары мен достары қошеметпен қарсы алды.

Биылғы «Розы Обзоры» халықаралық би фестиваліне Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Болгария, Украина, Оңтүстік Осетия және тағы басқа елдерден бишілер қатысты. Гран-приді Ресей бишілері жеңіп алды.

«Биыл Гран-при Ресей қатысушыларына бұйырды, бұл бізді жігерлендірді, себебі келесі жылы дайындықты күшейтіп, еңбектеніп бас жүлдені қолдан бермеуге тырысамыз. Бұдан бөлек «Nomad» би ансамблі Қазақстанның Болгариядағы дипломатиялық елшілігінің арнайы марапатына ие болды, бұл біз үшін үлкен құрмет, оның үстіне елші өзі келіп би ұжымымен жүздесті», - деді «Nomad» би ансамблінің жетекшісі Айнагүл Нұрғазина.

Айта кетейік, «Розы Обзоры» халықаралық би фестиваль-конкурсы Болгарияда Қазақстан мен Ресейдің Болгария республикасындағы елшіліктерінің қолдауымен ұйымдастырылды.