Қазақстандық бітімгерлердің екінші тобы Ливанға аттанды

ҚАПШАҒАЙ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облысының Қапшағай гарнизонында БҰҰ бітімгершілік миссиясына қатысу үшін төртінші бітімгершілік ротасының әскери қызметшілерін Ливанға жөнелтудің екінші кезеңі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

ҚР Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, ж оспар бойынша ротациялық тәртіппен 60 бітімгерден тұратын топ «Ливандағы БҰҰ уақытша күштері» миссиясының құрамында қызмет өткеру үшін жіберілді. Бұл ротацияның ерекшелігі – бітімгершілік миссиясының тарихында алғаш рет құрамға Десанттық-шабуылдаушы әскерлерінің ғана емес, сондай-ақ өңірлік қолбасшылықтардың да әскери қызметшілері енгізілді.

Жалпы алғанда, төртінші қазақстандық бітімгершілік ротасының құрамына 120 әскери қызметші кіреді. Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, жеке құрамның денсаулығын сақтау үшін әскери қызметшілерді жіберу екі кезеңге жоспарланып, тамыз айының басында және ортасында өткізу туралы шешім қабылданды.

Ливанға келгеннен кейін қазақстандық әскери қызметшілер 2019 жылғы қарашадан бастап миссиядағы үшінші бітімгершілік ротасындағы әріптестерін алмастырады. Бітімгерлер жергілікті жерді патрульдеу жөніндегі міндеттерді орындап, азаматтық халыққа көмек көрсетіп, бақылау бекеттерін ұйымдастырып, миссия штабының басқа да іс-шараларына қатысатын болады. Күн сайын қазақстандық және үнді бітімгерлері бірлесіп 50-ге жуық міндеттерді орындайды.

Барлық әскери қызметшілер бітімгершілік қызметке қатысты Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі құжаттарының рәсімдері мен нормаларына сәйкес мұқият іріктеліп, оқытылды. Тапсырмаларды орындау үшін жеке құрамды дайындау тоғыз ай бойы Алматы облысының Н. Тілендиев оқу орталығы базасында карантиндік шараларды қатаң сақтай отырып жүргізілді.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның «Ливандағы БҰҰ уақытша күштері» бітімгершілік миссиясына қатысуы 2018 жылдың қазан айында БҰҰ мандатына сәйкес Ливанда қазақстандық және үнді бітімгерлерін бірлесіп өрістету туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін басталды.


Соңғы жаңалықтар