Қазақстандық бітімгерлік батальонның БҰҰ операцияларын жүргізуде тәжірибелік дағдысын арттыру шарасы басталады

«Ертең Алматы облысындағы «Іле» полигонына АҚШ пен Ұлыбритания әскери қызметшілерінің алдыңғы топтары келе бастайды. «Дала қыраны - 2015» оқу-жаттығуы екі кезеңде, яғни ағымдағы жылдың сәуір және маусым айларында өткізілетін болады. Бірінші кезең барысында Ұлыбритания әскери қызметшілері Қазбат 1 бөлімшесімен роталық деңгейде бейбітшілікті және халықаралық үйлесімділікті қолдау бойынша іс-қимылды орындау мүмкіндіктерін арттыру үшін тактикалық жаттығулар өткізбек»,- делінген ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінде.
Атап айтқанда, оқу-жаттығудың бірінші аптасында бөлімше тактикалық міндеттерді орындауды үйренетін болады, ал екінші аптада еркін тактикалық жағдайға сәйкес далалық оқу-жаттығу өткізіледі. Сонымен бірге АҚШ өкілдері Қазбат және Қазбриг штабтарын әскери шешім қабылдау ресімдерін оқытып, жетілдіретін болады. Бірінші аптада Қазбриг жоғарғы басшылықтан ІІ кезеңге жауынгерлік өкім алып, әскери шешім қабылдау үдерісін жүргізеді. Екінші аптада Қазбат 1 мен 2 Қазбригтен алынған жауынгерлік өкім негізінде әскери шешім қабылдау үдерісін жүргізеді.
«Іс-шараның басты мақсаты Қазақстандық бітімгершілік бригадасы штабы мен Қазақстандық бітімгерлік батальонның БҰҰ бітімгершілік операцияларын жүргізу барысындағы практикалық дағдысын, сондай-ақ қарсылас тараптар арасындағы жанжал жағдайында бітімгершілік іс-қимылдарды орындау кезінде бөлімшелердің жауынгерлік үйлесімділігін арттыру болып табылады»,-делінген ведомство мәліметінде.