Қазақстандық бітімгершілер Батыс Сахара мен Кот-д'Ивуарда әскери байқаушы қызметін атқаруда - Е.Ыдырысов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі уақытта қазақстандық бітімгершілер әлемдегі бітімгершілік операцияларына қатысып жатқан жоқ. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-де өткен брифингте ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов айтты.
«Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі ретінде әлемдегі бітімгершілік операцияларын қолдауға міндетті. Бірақ, әрбір мемлекет бітімгершілік операцияларына қатысу және қолдау тәртібін өзі айқындайды. Ағымдағы жылы Қазақстан қабылдаған бітімгершілік қызмет туралы заңда тәртібі нақты жазылған», - деді министр.
Оның атап өтуінше, осы жылдары ішінде еліміз өзінің бітімгершілік әлеуетін барынша дамытты. Қазақстандық бітімгершілердің мол тәжірибесі бар, дайындықтары да жоғары әрі БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларына қатысуға дайын.
Осы орайда Е.Ыдырысов қазақстандық әскери инженерлер Ирактағы бітімгершілік операцияларына қатысып, 5 миллион минаны залалсыздандырғанын атап өтті.
«Қазіргі уақытта біздің бітімгершілеріміз әлемдегі бірде-бір бітімгершілік операцияларына қатысып отырған жоқ. Бітімгершілік операциялары жанындағы әскери байқау институты бар. Біз әскери байқаушыларымыздың қатысуға дайын екендігін және жібере алатындығымызды айттық. Қазіргі уақытта біздің байқаушылар екі елде, атап айтқанда, Батыс Сахара мен Кот-д'Ивуарда жұмыс істеуде. Олар қандай да бір әскери операцияларға қатыспайды, тек байқаушы қызметін жүргізеді», - деді Е.Ыдырысов.