Қазақстандық боччашылар пара Азия ойындарына шақыру алды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Отандық 5 боччашы күзде өтетін Параазиялық ойындарға шақыру алды. Бұл туралы елорданың Паралимпиада орталығында өткен Қазақстан бочча құрамасының оқу-жаттығуы барысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық боччашылар пара Азия ойындарына шақыру алды

«Биыл 22-28 қазан аралығында пара Азия ойындары өтеді. Аталған жарысқа 5 қазақстандық спортшы халықаралық бочча федерациясы мен Азия паралимпиада комитеті мақұлдаған екіжақты шақыру алды. Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан бочча федерациясы және Туризм мен спортты қолдау қорының қолдауымен Қазақстан боччашылары осы Параазиялық ойындарда ел намысын қорғайды», - делінген хабарламада.

Парламент Сенатының төрағасы – Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев параспортшыларға сәттілік тіледі.

«Біздің спортшылардың алдында жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Алда пара Азия ойындары келе жатыр. Біз оған қатысамыз. Биыл біз паралимпиада ойындарын дамытудың жаңа кезеңіне өттік. Отандық спортшылар халықаралық додаларда өз шеберлігін көрсетеді. Бұл өте маңызды кезең, сіздерге сәттілік тілеймін. Біз жағдайды нақты бағалаймыз, тыңғылықты дайындықтың керек екенін көріп отырмыз», - деді Мәулен Әшімбаев боччадан ұлттық құрама мүшелерімен кездесуі барысында.