Қазақстандық бодибилдер Арнольд Шварценеггердің турнирінде жеңіске жетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық бодибилдер Сергей Серещев алғаш рет «Arnold Classic Europe» про-турнирінде жеңіске жетіп, америкалық культурист, актер және саясаткер Арнольд Шварценеггердің қолынан 5 мың доллар сыйақы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Бодибилдинг және фитнес федерациясынан мәлім еткендей, алматылық Сергей Серещев бодибилдингтен кәсіпқой дивизионның «Arnold Classic Europe 2018» турнирінде «алтын» иеленген алғашқы қазақстандық атлет.
«Барселонада дәстүрлі түрде Арнольд Шварценеггердің брендімен бүтін әлем культуристерінің жарысы өтуде. Биыл Қазақстан құрамасынан әуесқой дивизионда - 12 спортшы және IFBB Elite Pro про-картасымен бір атлет сынға түсуде», - делінген хабарламада.
Кәсіпқой спортшылар арасында барлығы 15 үздік спортшы бақ сынады. Нәтижесінде, қазақстандық Сергей Серещев ұпай сандарымен Германия және Украинадан келген атлеттерді басып озды. 5 мың доллар көлеміндегі ақшалай марапатты Арнольд Шварценеггердің өзі тапсырды.
«Arnold Classic Europe 2018» турнирінің кәсіпқойлар арасындағы жалпы жүлде қоры 60 мың АҚШ долларын құрайды.