Қазақстандық бодибилдер В. Морозов пен «Банк Хоум Кредит» АҚ арасындағы дау шешілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бодибилдингтен Азия чемпионатына бара алмай қалған қазақстандық спортшы Владимир Морозов пен «Банк Хоум Кредит» АҚ арасындағы дауға нүкте қойылды.

Қазақстандық бодибилдер В. Морозов пен «Банк Хоум Кредит» АҚ арасындағы дау шешілді

«Банк Хоум Кредит» АҚ қоғаммен байланыс бойынша қызметінің хабарлағанындай, клиент Владимир Морозовпен арадағы кездесуден кейін барлық даулы мәселелер шешілген.

«Жеке деректердің құпиялылығын сақтау мақсатында, банк бұл мәселенің жай-жапсарын ашық айта алмайды. Банк Хоум Кредит әлеуметтік жауапты несие беруші ретінде коллекторлық компаниялар және жеке сот орындаушыларымен бірлесе отырып, қарыздарды өндіріп алу үдерісін әрі қарай жетілдіру жұмыстарын жүргізуді жалғастырады. Сондай-ақ, несиелер дер кезінде төленбеген жағдайда қажетті әрекеттерді жасау керектігі туралы клиенттерді құлағдар ету бойынша да жұмыстар жалғасын табады», - делінген хабарламада.

Владимир Морозов «ҚазАқпарат» тілшісімен сөйлескен кезде банктің көмек көрсеткенін, әуе билеті мен қонақ үйге қатысты шығындарды толық төлегендігін айтты. Барлық шығын - 352 мың теңгені құраған.

Естеріңізге сала кетелік, Владимир Морозовтың Азия біріншілігіне бара алмағандығы туралы ақпарат 19 тамызда әлеуметтік желіде пайда болған еді. Бұл туралы спортшы өзінің Фейсбуктегі жеке парақшасында хабарлаған болатын. Чемпионатқа дер кезінде бара алмағанына ол «Банк Хоум Кредит» АҚ-ны айыптаған. В. Морозовтың  айтуынша, ол осы банктен алған несиесін жапқанымен, банк қызметкері оған қатысты шет елге шығуына байланысты қойылған шектеуді алып тастауды ұмытып кеткен.   

Сөйітп, В. Морозов көрген шығындарын өндіріп алу мақсатында банктің атына арыз жазды.