09:35, 27 Ақпан 2018 | GMT +5
Қазақстандық боксшы Болгариядағы турнирдің чемпионы атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Болгария астанасы София қаласында өткен «Странджа Мемориалы» 69-шы халықаралық турнирінде қазақстандық команда бір алтын, төрт қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның бокс федерациясына сілтеме жасап.
Турнирге 31 елдің боксшылары, соның ішінде 10 қазақстандық қатысты.
64 килограмға дейінгі салмақ санатында ымырасыз өткен айқаста Ақмола облысының 26 жастағы тумасы Сабыржан Бекбергенов жеңімпаз болды. Ол 4 кездесу өткізіп, финалда украиналық Иван Данчаны 5:0 есебімен жеңді.
Қанағат Маралов, Нұрбол Қалжанов, Михаил Коханчик және Абзал Құттыбековтер қола медальды иеленді.
Қазақстандық төреші Айдамир Ералиев Странджа турниріндегі үздік рефери атанды.
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы наурыз айының басында Еуропада тағы екі турнирге қатысады: оның біріншісі 11-17 наурыз күндері Польшада Феликс Штаммды еске алу турнирі өтсе, 8-12 наурыз күндері Финляндияда GeeBee турнирі ұйымдастырылады.