Қазақстандық боксшы Ержан Жомарт Болгарияда өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 22-28 ақпанда Болгарияда София Университетінің спорт кешенінде дәстүрлі 67-Халықаралық «Странджа» турнирі өтті. Жарысқа қазақстандық боксшылар да қатысты.
Жақсылық Ілиясов (60 кг) АРВ сериясы бойынша чемпион өзбекстандық Хуршид Тожибаевқа жол беріп, жекпе-жектің алғашқы сынынан-ақ сүрінді. Ал Бекзод Халмедов (69 кг), Алмасбек Әлібеков (64 кг) және Вадим Казаков (81 кг) ширек финалға дейін келіп, жарыстан шығып қалды.
Ал ақтық сынға тек Ержан Жомарт қана шықты. Ол алғашқы кездесуде 49 кг дейінгі салмақ дәрежесіндегі АРВ чемпионы - қытайлық Лю Бинді ұтты. Бин бұған дейін АРВ турнирінде қазақстандық Біржан Жақыповты жеңген еді. Болгарияда Ержан Жомарт 2:1 есебімен қарсыласынан басым түсті. Ал ақтық сында ол шаршы алаң иесі Тинко Банабаковты 3:0 есебімен жеңіп кетті, деп жазады sports.kz.