Қазақстандық боксшы Эюбов менеджер мен демеуші іздеп жүр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық танымал боксшы Бахтияр Эюбов «Қазақстанның кәсіби боксы» онлайн-басылымының тілшісімен сұхбат барысында мықты менеджер және өзінің карьерасын одан әрі жаңғырту үшін демеуші іздеп жүргендігін айтты, деп жазады Sports.kz.

Қазақстандық боксшы Эюбов менеджер мен демеуші іздеп жүр

Қазақстандық спортшы кәсіби рингте өткізген 11 кездесуінің бәрінде жеңіске жетті (10 нокаут).

Боксшы сонымен қатар сөзінде менеджері мен демеушісінің жоқтығына байланысты қиындық көріп жүргендігін айтқан. Ал оның басты мақсаты - әлем чемпионы болу.

Айта кетейік, 30 жасар Эюбов өзінің карьерасын 2012 жылы АҚШ-та бастады. Боксшы өзінің есебінен 3 кездесу өткізіп, үшеуін де нокаутпен жеңді. Содан соң 2014 жылы Бахтияр тағы да өзінің есебінен Германияда екі кездесу өткізіп, екеуінде де жеңіске жетті.

2015 жылы Эюбов «Salita Promotions» компаниясымен келісімшартқа отырып, АҚШ-қа кеткен болатын. АҚШ-та ол 6 кездесу өткізіп, барлығын да жеңді. Оның соңғы екі кездесуі «Showtime» телеарнасы арқылы көрсетілді. Соңғы жекпе-жегінде ол әйгілі америкалық боксшы Карим Мэйфилдті ұпай санымен жеңді.