Қазақстандық боксшы Ковалев-Ярд айқасының андеркартында шаршы алаңға шығады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық боксшы Станислав Калицкий (8-0, 3КО) 24 тамызда Ресейдің Челябинск қаласында өтетін бокс кешінде өнер көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық боксшы Ковалев-Ярд айқасының андеркартында шаршы алаңға шығады

Қазақстан кәсіпқой боксы федерациясының ВКонтакте парақшасында хабарланғандай,

Калицкий шығатын бокс кешіндегі басты жекпе-жекте Сергей Ковалев (33-3-1, 28КО) пен британдық Энтони Ярд (18-0, 17КО) кездеседі. Қос елдің мықты боксшылары жартылай ауыр салмақта WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы титулы үшін өзара мықтыны анықтамақ.

«Ал Калицкий сол күні жергілікті файтер Владислав Красношеинге (7-0-1, 2КО) қарсы айқас өткізеді. Екінші жартылай жеңіл салмақтағы кездесу он раундқа есептелген», - делінген федерацияның хабарламасында.

Айта кетерлігі, Ресейде өтетін аталмыш бокс кешінде қазақстандық тағы бір боксшы Мейірім Нұрсұлтанов (11-0, 8КО) та рингке көтерілмек. Боксшының қарсыласы әлі анықталған жоқ.