Қазақстандық боксшы Қытайдан келген қазақтан басым түсті

Айқастың алғашқы жартысы қарсыластардың бірін-бірі барлауымен өтті. Үшінші раундта Бірлік өкпе тұсынан ауыр соққы өткізіп алып, нокдаунға түсіп қалғанымен, есін жиып алды. Нокдауннан кейін Райымқұлов қарсыласын қырына алып, мерзімінен бұрын кездесуді аяқтауға барын салған еді. Алайда Бірлік гонг соғылғанша шыдап бақты. Төртінші әрі соңғы раундта Райымқұловтың басымдығы анық көрінді.
«Мен үздік жаттығудың арқасында жеңіске жеттім. Осылайша, үлкен аренадағы шайқастарға шығып, Сондерс пен Альварестің деңгейіндегі боксшылармен шыққым келеді. Менің есімімді естеріңізге сақтап алыңыздар! Менің атым - Қара батыр. Қарсыласым да мықты еді, алайда бүгін мен жеңіс тұғырынан көріндім. Қазақтың бокс мектебінің әлемде теңдесі жоқ», - дейді Райымқұлов айқастан кейін.
Айта кетерлігі, бұл Темірлан Райымқұловтың үшінші айқасы. Оның екеуінде Темірлан жеңіске жетіп, тағы біреуінде қарсыласымен тең түскен. Ал қандасымыз Бірлік те үшінші рет шаршы алаңға шығып, екі боксшыдан басым түскен.