Қазақстандық боксшы Руслан Мәдиевтің Нью-Йорктегі жекпе-жектегі қарсыласы анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 17 қазан күні Нью-Йоркте Головкин-Лемье PPV-шоуы аясында 22 жастағы қазақстандық боксшы Руслан Мәдиев кәсіби рингтегі өзінің 6-шы жекпе-жегін өткізеді.
Оның қарсыласы - 26 жастағы мексикандық Азриэль Паез (4-0, 1 КО). 4 раундтық жұдырықтасу жеңіл салмақ дәрежесі бойынша өтеді, деп хабарланған Қазақстан боксының Вконтакте әлеуметтік желісіндегі парақшасында. Еске салайық, Руслан Мәдиев - Қарағанды қаласындағы бокс мектебінің тәрбиеленушісі. Өзінің кәсіби жолын қазақстандық боксшы Мейіржан Пердешевті жеңуден бастады. Руслан Мәдиев үшін Хулио Санчеспен жекпе-жегі кәсіби шаршы алаңдағы бесінші, ал АҚШ-та төртінші рет өткен айқас болды. Қазақстандық боксшы олардың барлығында жеңіске жетті.