14:35, 18 Шілде 2017 | GMT +5
Қазақстандық боксшылар Филиппиндегі Азия чемпионатына қатысады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бокстан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатын биыл Филиппин қабылдайды. Құрлықаралық біріншілікке 20-дан астам мемлекеттің спортшылары қатысқалы отыр.

«Кейінгі жылдары біз азиялық бокстың дамуын бақылауға алдық. Алда өтетін жасөспірімдер чемпионаты қарсаңында салыстырмалы түрде 2013 жылы Шымкентте өткен чемпионатқа 13 елден 98 адам, 2015 жылы Ташкентте 14 мемлекеттен 103 боксшы қатысқандығын атап өтуге болады. Биылғы жылы атлеттер саны 160-тан асады деп күтілуде», - деді Азия бокс конфедерациясының атқарушы директоры Бағдәулет Төреханов.
Құрлықаралық бокс ұйымының мәліметінше, биылғы турнирге Непал және Сауд Арабиясы командалары алғаш рет қатыспақшы.
Командаларының толық құрамдары жайлы азиялық өңірдің көшбасшылары -Қазақстан, Өзбекстан және Оңтүстік Корея елдері мәлім етті.
Чемпионат Пуэрто-Принсеса қаласында 1 - 7 тамыз аралығында өтеді.