Қазақстандық боксшылар Германиядағы әлем чемпионатында көшбасшылардың қатарында

Бірінші орында - 7 боксшымен Куба құрамасы тұр.
Медальдардың қалай бөліске салынатыны 31 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында өтетін жартылай финал және финалдық айқастарында анықталады.
«Қазақстан бүкіләлемдік бокс рейтингіндегі өзінің көшбасшы екенін тағы бір рет дәлелдеді, бұл өте жақсы көрсеткіш. Жалпы, жартылай финалға жолдама алғандар бойынша Азияның бірінші орынды иеленгені, шын мәнінде, тарихи оқиға. 40 медальдің 15-і осы құрлық өкілдеріне бұйыратыны белгілі. Екінші орындағы Америка конфедерациясынан 1/2 финалға 12 боксшы шықты. Ал үшінші орында 11 спортшымен Еуропа құрлығы тұр. Бір-біреуден боксшысы бар Африка мен Океания аймақтары 4-орынды бөлісіп тұр», - деді АИБА вице-президенті Серік Қонақбаев.
Германияда өтіп жатқан әлем чемпионаты 25 тамызда басталған, ақтық бәсекелер үстіміздегі жылдың 2 қыркүйегінде өтеді.
Азияның намысын жартылай финалда алты боксшысы шыққан Қазақстан мен Өзбекстан, сондай-ақ бір-бір өкілмен жүрген Үндістан, Оңтүстік Корея және Моңғолия елдері қорғайды.
Азия бокс конфедерациясы - Халықаралық әуесқой бокс ассоциациясының (АИБА) 5 құрлықтық құрылымдық бөлімдерінің бірі. 2014 жылдың қыркүйегінен бастап осы конфедерацияны даңқты қазақстандық боксшы Серік Қонақбаев басқарып келеді.
Фото: Данияр Майлыбаев